Атырау облысында борышкерлер 162 млн теңгенің берешегін төлемей жүр

Фото: Атырау облысы әділет департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының сот орындаушыларына 9640 борышкерден алиментті өндіру туралы құжат түскен. Қазір борышкерлер 162 млн теңгенің берешегін төлемей жүр.

Атырау облыстық әділет департаменті мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің басшысы, аға сот орындаушы Салтанат Қожанованың айтуынша, алименттен жалтарғандарды анықтау бойынша бірлескен рейдтік іс-шара басталды. 

Рейд кезінде сот актілерін орындамаған борышкерлер тексеріледі. Бірлескен рейдке әділет, полиция және мемлекеттік кірістер департаментінің, жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының қызметкерлері тартылған. 

Фото: Атырау облысы әділет департаменті

«Аталған рейдтің мақсаты — атқарушылық құжаттардың орындалуын жүзеге асыру. Алимент төлемі бойынша жалтарып жүрген борышкерлерді іздестіріп, мекенжайы анықталады. Борышкердің жылжымалы мүліктері арнайы айыппұл тұрағына қойылады», -дейді Салтанат Қожанова. 

Оның айтуына қарағанда, мұндай рейд тоқсан сайын жүргізіледі.

Жыл басынан бері жеке сот орындаушыларының ұсынысымен Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 669-бабына сәйкес 53 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өйткені, олар алимент төлеуден жалтарған.

«Атырау облысы бойынша мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына 9640 адамнан алимент өндіру туралы атқару құжаты түсті. Оның ішінде 5199 адамның құжаты мерзімді орындалу сатысында тұр. Олардың жалақысынан тиісті қаржы ұсталады. Ал, 1875 борышкер алиментті өз еркімен төлейді. Алимент төлеуден жалтарып жүргендер саны — 2566 адам. Жалпы борышкерлердің қарызы 162 млн 363 мың 872 теңгені құрайды», -деп мәлім етті Салтанат Қожанова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 4 кәсіпорын жұмысшыларға 33 млн теңге жалақы қарыз екенін жазған болатынбыз.