Атырау облысында екі аудан әкімінің лауазымына 6 кандидат таласады
Атырау облысының екі ауданында әкім сайлауы өтеді. Исатай және Қызылқоға ауданы әкімінің лауазымына 6 кандидат таласады, деп хабарлайды Kazinform.
Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтің айтуынша, аудан әкімінің сайлауына 3 кандидат тіркелген. Кандидаттардың 2-еуін саяси партиялар, ал, 1 үміткер өзін-өзі ұсынып отыр.
«Барлық үміткердің «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тиісті органдар анықтады. Исатай ауданының әкіміне кандидат болып «AMANAT» партиясынан ұсынылған Нұрым Мусин, Қазақстан халық партиясынан Рашид Мұқанов, өзін-өзі ұсынған Асылан Ғұбаш тіркелді», - деді Қабыл Ғұбашев.
Ал Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқановтың мәліметінше, мұнда әкім орынтағы үшін 4 кандидат құжат тапсырған. Оның 1-еуі – саяси партияның өкілі, ал 3-еуі өзін-өзі ұсынған.
«Төрт үміткердің құжаты тиісті органдарға жолданып, Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хаттамасымен талапқа сәйкестігі анықталды. Заңдылыққа сәйкес Қызылқоға ауданы әкіміне үміткер болып «AMANAT» партиясынан Қанат Әзмұханов, өзін-өзі ұсынушылар Мағжан Жексенов пен Сәндібек Салықов тіркелді. Бір үміткер қажетті құжаттарды ұсынбағаны үшін тіркеуден бас тартылды», - деді Мақсот Мұқанов.
Осылайша, екі аудан әкімінің лауазымын иелену үшін 6 үміткер таласады. Олардың бәрі де мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Үміткердің бірі аудандық мәслихаттың төрағасы, бірі аудан әкімінің орынбасары, енді бірі аудан әкімі болса, 3-еуі ауылдық округтің әкімі лауазымын атқарады.