Атырау облысында екі ауыл арасындағы жырылған жол жөнделді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында екі ауыл арасындағы жырылған жол қалпына келтірілді. Көлік қозғалысына рұқсат берілді.

Фото: видеодан алынған кадр

Аудан орталығы — Махамбет пен Сарытоғай ауылдары аралығындағы жырылған жол қалпына келтіріліп, нығайту жұмысы жүріп жатыр. 

«Аудандық жедел штабтың шешімімен су мөлшерін реттеу, ауылды тасқыннан қорғау мақсатында арнайы техникалардың көмегімен ауыларалық жол бұзылған еді. Жолға ұзындығы — 11, ені — 1,5 метрлік 2 тұрба салынды. Қазір екі тұрба маңына құм толтырылған 1 тонналық қаптар төселіп, нығайту жұмысы жүріп жатыр. Бұл жұмысты атқаруға ауылдың азаматтары жұмылды», -дейді ауыл тұрғыны Сұлтан Бекбасаров.

Махамбет аудандық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың хатшысы Сейітжан Құжырбаевтың айтуынша, тасқын су басу қаупі бар үйлердің маңына топырақ төгілген.

«Аудандық жедел штабқа судан қорғау бөгеттерінің ортасында қалған үйлердің тұрғындары өтінішін жеткізді. Штаб өкілдері жедел әрекет етіп, арнайы 8 жүк тиегіш техника бөлді. Тұрғын үйлердің ауласының жан-жағына топырақ төгіліп, тасқын судан қорғау жұмысы жүргізілді. Қазір бөгеттерге бекет қойылып, тәулік бойы кезекшілік жасалып жатыр», -деді Сейітжан Құжырбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында екі ауылдың арасындағы жол жырылып, қатынас уақытша тоқтағанын хабарлаған едік.