Атырау облысында енесін пышақтап өлтірген келіншек мәжбүрлі емдеуге жіберіледі

Фото: Pexels

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысы Қызылқоға ауданында 83 жастағы енесін өлтірген 40 жастағы әйел қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сот мұндай шешімді айыпталушының психикалық ауруға шалдығуына байланысты қабылдады.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға өткен жылдың 27 мамырында шамамен сағат 17:30–да болған. Күйеуі балаларын далаға алып кеткен сәтте әйел төсек тартып жатқан енесіне пышақпен шабуыл жасаған.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина сотталушы жәбірленушінің басына бес мәрте пышақ сұққанын айтты. Оның екеуі бас сүйегіне кіріп, миына зақым келтірген. Алған жарақат салдарынан кейуана ауруханада қайтыс болды.

Жүргізілген бірнеше сараптама қорытындысына сәйкес, әйел қылмысты есі дұрыс емес күйде жасаған. Оған «параноидты шизофрения» диагнозы қойылған. Осыған байланысты ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты есі дұрыс емес жағдайда жасаған деп танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Қайғылы оқиғаның болуына отбасындағы келіспеушілік себеп болған. Анығын айтқанда, 2025 жылдың 10 мамырында азамат өзінің төсек тартып жатырған қарт анасын Жасқайрат ауылына күтім жасау үшін алып келген. Оның әйелі бұған қарсы болып, арты жанжалға ұласқан.

— Жақсылықованың ата-анасы, бауырлары, бірге тұратын жұбайы мен қайын апалары да психикалық ауруы бар екен байқамадық деді. Солай айта тұра «ауыр мінез көрсетеді, өзімен өзі айқайлайды, кенеттен көтеріліп кетеді, балаларға қол көтереді, үй тазалағына салғырт қарайды, әйел адамның міндеттерін атқармайды» деген уәждер айты. Қариясы бар үй — қазыналы. Жалпы дәрменсіз күйге түскен ата-ананы бағып-қағу перзенттік міндетіміз. Біз бала күнімізде дәрменсіз болып ата-анаға қарайтын болсақ, ата-ана үлкейген кезде дәрменсіз болып, балаға қарайды. 83 жасқа келіп келіннің қолынан қаза табу орны толмайтын қайғы, — деді судья Зарема Хамидуллина.

Үкім заңды күшіне енгеннен кейін әйел Алматы облысындағы мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберіледі. Бұған дейін ол Атыраудағы медициналық ұйымда болған.

Бұған дейін Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Яна Легкодимованы өлтіргендер Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимовтың апелляциялық шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырғанын жазған едік.