Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Нариман Өтешовтің мәліметіне сүйенсек, 14 өрт тұрғын үйлерде болған. Сондай-ақ, 11 автокөлікті жалын шарпыған.
«Өрттің бірнеше себебі анықталды. Біріншіден, электр аспаптарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзумен байланысты болып отыр. Екіншіден, от жағу кезіндегі абайсыздықтың да әсері бар. Үшіншіден, пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі сақталмайды. Мұндай талап әсіресе, электр құрылғыларын пайдалану кезінде жиі бұзылады. Төртіншіден, балалардың отпен ойнауы да жалынның тұтануына себеп болып отыр», -дейді Нариман Өтешов.
Оның дерегіне қарағанда, былтыр тіркелген 266 өрттен келген материалдық шығын 75 млн 897 мың теңгені құраған. Ал, биыл мүлік иелерінен материалдық шығынды өтеу туралы арыз түспеген.
«Өткен жылы 147 тұрғын үй, 75 автокөлік өртенді. Алайда алдыңғы жылмен салыстырғанда, тұрғын үй секторындағы өрт 14%-ға, автокөлікті шарпыған жалын 16%-ға азайды. Өрттің алдын алу үшін тұрғын үйлерге 320 түтін датчигі қондырылды. Енді тұрғын үйлерге 58 газ талдағыш қондырғысын орнату жоспарланып отыр», - деді Нариман Өтешов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, 5 адамды күйік шалғанын жазған болатынбыз.
Бір күннен соң күйік шалған ер адам қайтыс болды. Кейін екінші адам ауруханада қайтыс болғанын хабарлаған едік.
Бұдан соң күйіп қалған үш айлық сәби ауруханада көз жұмды.
Қазір өртте күйіп қалған әйел мен 3 жасар бала ауруханының жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы әлі де ауыр күйде қалып отыр.