Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, адам өліміне соқтырған жол апаты республикалық маңыздағы жолда тіркелген.
«Кейінгі үш күнде ауа райының қолайсыздығынан республикалық және облыстық маңыздағы жолда көлік қозғалысына 9 рет шектеу қойылды. Жолды жабудағы мақсат — жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау. Осы күндері облыс аумағында 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мәселен, «Доссор-Құлсары» бағытындағы жолда жеңіл және жүк автокөліктері соқтығысып, 1 адам қаза тапты. Ал, 2 адам жарақат алды. Атырау қаласында көлік қаққан 1 жаяу жүргінші жарақаттанды», -деп хабарлады Ерлан Биғамбаев.
Оның айтуынша, 1 ақпаннан бері «Кибер-Шериф» құрылғысы бар арнайы көліктер патрульдік кезекшілікке шықты. Аталған құрылғымен 11 күнде 2400-ден аса құқық бұзушылық тіркелген.
«Бұл — өте жоғары көрсеткіш. Осы деректен көлік жүргізушілерінің әлі де жол жүрісі ережесін сақтамайтыны, жолаушы өміріне жауапкершілікпен қарамайтыны аңғарылып отыр. Осыған орай жүргізушілерге жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауды ескертемін», -деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 101 жол-көлік оқиғасынан 16 жасөспірім мерт болғанын жазған едік.