Қызылқоға ауданында тұратын кәсіпкерге былтырғы қарашада сот орындаушының қаулысымен жеке кәсіпкер А.-ға қатысты атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Алайда, кәсіпкер сот шешімін орындамаған.
«Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігімен жеке кәсіпкер А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. ️Іс материалдарынан анықталғандай, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен дара кәсіпкерден мемлекет пайдасына 1 млн 380 мың теңге мемлекеттік грант және 41 400 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген. ️Сот отырысында кәсіпкер А. кінәсін мойындап, хаттамада көрсетілген мән-жайларды растады», - деп хабарлады аудандық соттан.
Сот қаулысымен кәсіпкер А. аталған бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған 77 мың 532 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 21 кәсіпкер қайтарымсыз грант қаржысын мақсатсыз жұмсағанын хабарлаған болатынбыз.