Атырау облысында кәсіпкерлер қандай кедергіге жиі тап болған

Фото: Фото: Kazinform

Атырау облысында кәсіпкерлерге жасалатын кедергілер азаяр емес. Кедергінің ең көбі жер қатынастары мен инфрақұрылым саласында анықталып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облысының кәсіпкерлері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановпен кездесуде проблемалық мәселелерді шешуге байланысты ұсыныстарын айтты.

«Кедергілердің ең көбі жер қатынастары мен инфрақұрылым саласында анықталды. Мәселен, Атырауда әкімдік кәсіпкерге бизнесін кеңейту үшін ұзақ уақыт жер алуға құқық бермеді. Бұған заңды негіз болмаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана мәселе шешілді. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Кәсіпкер қажетті жер учаскесін алды», -деп хабарлады Саян Ахметжанов.

Оның айтуынша, жалға алуды ұзарту тәртібін регламенттеудің болмауына байланысты жүйелік кедергі жойылған. Антикордың ұсынысымен бұл тәжірибе тоқтатылды.

«Кедергілердің бір бөлігі мемлекеттік сатып алулар мен салықтарға байланысты туындайды. Мемлекеттік сатып алу желісі бойынша негізгі проблема орындалған шарттарды уақтылы төлемеуге қатысты болып отыр. Атырау облысының 150-ден астам кәсіпкері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысыынан кейін ғана тапқан ақшаларын ала алды. Мұндай жағдайларды жүйелі түрде жою үшін Қаржы министрлігі төлемнің кешігуін автоматты түрде анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталының функционалын пысықтайды. Кәсіпкерлерді кез келген проблемалық мәселемен Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінуге шақырамын», - деп мәлім етті Саян Ахметжанов.

Өңірлік департаменттің басшысы Ерұлан Серікқалиев айтуынша, кәсіпкерлерден түскен өтініштің 34 пайызы оң шешімін тапқан. Жыл басынан бері 853 кәсіпкердің құқығын қорғалған.

«Облыстық департаменттің ұсынысымен кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін 5 адам тәртіптік жауапкершілікке, 2 мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік сатып алу, кедендік және салықтық әкімшілендіру саласында квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік органдар 155 кәсіпкерлік субъектісіне 1 млрд теңге көлемінде берешекті төледі», - дейді Ерұлан Серікқалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Антикор Атыраудағы 8 нысанның құрылысын бақылауға алғанын хабарлаған едік