Атырау облысы әкімінің төрағалығымен жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, қолайсыз ауа райының салдарын жою және аймақтың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
— Қазгидромет мәліметінше, бүгін Индер ауданында желдің екпіні 30 м/с-қа, Атырау қаласында 24 м/с-қа дейін жеткен. Түнде облыс бойынша жел 23–28 м/с-қа күшейіп, ертең күндіз 18 м/с, кешке қарай 15–18 м/с болады деп күтіліп отыр. Сол себепті барлық қызмет күшейтілген режимдегі жұмысты жалғастырады, — делінген ведомство хабарламасында.
Төтенше жағдайлар департаменті ұшқан шатырларды жинау және демонтаж жұмыстарын ұйымдастырды, автожолдардың жекелеген учаскелері жабылды, тасжолдарға кезекшілік қойылып, жылыну қосындары ашылды және құтқару бригадалары жұмылдырылды.
Облыс аудандарында бірқатар нысанға зақым келген:
- Индер ауданында 6 нысанның шатыры бүлініп, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарына 7 бригада мен 8 техника тартылған.
- Мақат ауданында мектептің шатыры бұзылған, электр желілерін қалпына келтіруге 6 апаттық бригада жұмылдырылды.
- Махамбет ауданында екі нысан — аудандық емхана мен 60 пәтерлі тұрғын үйдің шатырларына зиян келіп, 5 бригада жұмыс істеп жатыр.
- Құрманғазы ауданында мектеп, мәдениет үйі, амбулатория және спорт залына зардап тиген.
- Атырау қаласында 7 нысанның шатыры мен қасбеті бүлінген.
- Исатай және Қызылқоға аудандарында жағдай тұрақты, күшті желдің айтарлықтай зияны тіркелмеген.
Қазгидромет болжамына сәйкес, 15 желтоқсанның кешіне дейін боран соғады.
Бұдан бұрын Атырау облысында электр энергиясын қалпына келтіруге 40 арнайы бригада жұмылдырылғанын жаздық.