Атырау қаласы тұрғынының өтініші шеңберінде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін аяқ пен арқаға арналған электр массажерлерін сатып алу фактісі бойынша «AMANAT GROUP» жеке кәсіпкерінің сатушысына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
— Тексеру іс-шараларының нәтижесінде техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді сату фактісі анықталды. Атап айтқанда, өнімде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі таңбалау және пайдалану құжаттары болмаған, сондай-ақ өнімнің ТР ТС 004/2011 «Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» және ТР ТС 020/2011 «Техникалық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі» техникалық регламенттеріне сәйкестігін растайтын құжаттар болмаған, — делінген Сауда және интеграция министрлігі таратқан хабарламада.
Анықталған бұзушылықтар бойынша құқық бұзушы 843 375 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, құқық бұзушыға талаптарға сәйкес келмейтін өнімді сатуға тыйым салу туралы нұсқама берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, техникалық регламенттер қолданысқа енгізілген өнімнің нарықта айналымда болуының қажетті шарты оның техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігі және осы сәйкестіктің белгіленген тәртіппен расталуы болып табылады.
Сәйкестікті бағалаудан өтпеген, техникалық регламенттер қолданысқа енгізілген өнімді айналымға шығаруға, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе Техникалық реттеу тізілімінде не Еуразиялық экономикалық одақтың берілген немесе қабылданған сәйкестікті бағалау құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде осындай құжаттардың бар екендігі туралы мәліметтер болмаған жағдайда өнімді айналымға шығаруға тыйым салынады.
Айта кетелік Қазақстанда жасалған тауарларға маркетплейстердегі іздеу нәтижелерінде артықшылық беріледі.