Атырау облысында көлеңкелі кәсіпке кімдер үйір

Фото: Александр Павский/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысы көлеңкелі экономиканың үлесі ең төмен өңірлер ішінде үшінші орында тұр.

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің айтуынша, ұлттық экономиканың дамуына теріс әсер ететін көлеңкелі кәсіпке талдау жүргізіліп келеді.

Мақсат — көлеңкелі экономиканың қанат жаюына бөгет болу. 

— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экология, әлеуметтік, инвестиция, қаржы, тағы да басқа салалардағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тапсырмаларды атап өткен еді. Осы орайда көлеңкелі экономиканы болдырмауға басымдық берді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында агенттіктің 2023-2025 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспары жасалды. Жоспарды іске асыру үшін нақты көрсеткіштердің индикаторы нақтыланды, — дейді Бекболат Әнесов. 

Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысында бақыланбайтын экономиканың үлес салмағы 2021 жылы 1,57 пайызды құраған. Ал, 2022 жылы 1,48 пайызға төмендеген.

Ең елеулі төмендеу 2023 жылы 1,19 пайызға жетті. Оң динамика өнеркәсіпте, оның ішінде карьер қазу, құрылыс, көлік және қоймалау саласында байқалып отыр.

— Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2024 жылдың тамыз айында «DELTA» массивтік атауы қойылған топты жойды. Бұл топ 2023-2024 жылдары тиісті жұмысты атқармаған. Бірақ, жалған шот-фактураны қолданып, салық төлеуден жалтару мақсатында 3 млрд теңгеден астам ақшаны қолма-қол түсіргені анықталды. Ал 2019-2024 жылдары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бұрынғы бас директорлары Ш. Данбай мен М.Досмұратовқа қатысты өкілеттігін асыра пайдалану және салғырттық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар сотталды. Ш. Данбай ісі бойынша мемлекет кірісіне 2,9 млрд теңге өндірілді. Ал М.Досмұратовтан 1,9 млрд теңге қайтарылды, — дейді Бекболат Әнеов.

Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты ең маңызды нәтиже ретінде сатып алатын қызметтер мен қызмет құнына әсер еткен тауарлар тізбегіндегі артық делдалдар жойылғанын айтуға болады.

Мәселен, ENERTEK, NNS LTD, KTR, IQS компанияларының «АМӨЗ» ЖШС-мен байланысты аутсорсинг жөніндегі шарттары бұзылған.

Оларға зауыт құрамындағы 4 цех жабдықпен және 1 қызметкер штатымен бірге берілген. 

— Осындай өнімсіз делдалдардың жыл сайынғы табысы 7 млрд теңгеден, ал пайдалану кезеңінде 30 млрд теңгеден астам қаржыны құрады. Мұның бәрі АМӨЗ бюджеті арқылы өтіп келген. Тергеу шеңберінде мемлекетке № 6 парк автономды құю станциясымен АМӨЗ бойынша негізсіз жасалған шарттар бұзылды. Мүліктік кешендер қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу барысында мемлекет пайдасына құны 2,2 млрд теңге болатын сұйытылған мұнай газын сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды, — деді департаменттің штаб бастығы. 

Оның айтуынша, Атырау облысы жалпы мемлекеттік рейтингте көлеңкелі экономиканың үлесі  төмен өңірлер арасында үшінші орында тұр.

Мұнайлы өңірдің алдында Астана мен Алматы қаласы бар. 

— Көлеңкелі кәсіпке үйір болатындар мен экономиканың дамуын тежейтін салаларға мониторинг жүргізу жалғаса береді. Қазір Атырау облысында көлеңкелі экономика деңгейіне теріс әсер ететін 2 негізгі бағыт бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 0,01, ал көтерме, бөлшек саудада бұл көрсеткіш 0,02 пайызды құрап отыр, — деп мәлім етті Бекболат Әнесов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бюджеттік мекеме есепшілері жалақы аударуда неге жиі қателесетінін хабарлаған болатынбыз.