Атырау облысында көлікке құятын газ тапшылығы бар ма

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы газ құю бекеттеріне 7 мың 20 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Оның кейбір бөлігі Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысынан жеткізілді.

Фото: freepik.com

Жергілікті көлік жүргізушілері газ құю бекеттерінде газ тапшылығы туындағанын айта бастады. Кейбір БАҚ бекеттерде кезекте тұрған көліктің көбейгенін жазып жатыр. 

Ал, Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанның дерегіне сүйенсек, мұнайлы өңір үшін 7 мың 20 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. 

«Атырау мұнай өңдеу зауытының ресми мәліметіне сәйкес, жоспарланған жөндеу жұмыстарына байланысты өндіріс уақытша тоқтады. Осыған орай сұйылтылған газ көрші облыстардан тасымалданады. Қазан айында ішкі нарықты сұйылтылған газбен толық қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігінен қосымша 880 тонна автогаз сұратылды», - дейді Жантас Оспан.

Оның мәліметінше, өңірдегі газ құю бекеттерінде 7 мың 20 тонна сұйытылған газ қоры бар. Оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан 408 тонна газ алынған. Батыс Қазақстан облысындағы «Жайықмұнай» ЖШС-дан 2 мың 490 тонна, Ақтөбе облысындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан 4 мың 122 тонна газ жеткізілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстары басталғанын хабарлаған едік. 

Сондай-ақ, «Қашаған» кен орнындағы жөндеу жұмысы 7 қазанда басталатынын жазған болатынбыз.