Атырау облысында Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан Атырауға қатынайтын жолдың Доссор кентіне дейінгі бөлігі жабылды. 

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсарыдан Доссорға дейінгі жол аралығында көлік қозғалысы тоқтатылған.

«Атырау облысының аумағындағы республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 103 шақырымының маңын су басты. Бұл – Құлсары қаласынан 20 шақырымдағы тұс. Сол себептен, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан МАқат ауданындағы Доссор кенті аралығындағы жолда көлік қозғалысы толықтай тоқтатылды. Жол қалыпқа келгенге дейін бұл бағытта жолға шықпау қажет», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Көлік қозғалысы тоқтатылған жол бөлігінде патрульдік полиция қызметкерлері түсіндіріп жүр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілгенін жазған едік. 

Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды. Сондай-ақ Атырау облысының тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланған  еді.