Атырау облысында құтқарушылар былтыр 172 адамды құтқарды

Фото: Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау облысының құтқарушылары былтыр 172 адамды қиын жағдайдан құтқарып қалды. Оның ішінде 61 бала бар, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының бастығы Әділхан Жұмалиевтің мәліметінше, құтқарушылар бір жылда 450-ден астам авариялық-құтқару жұмысын жүргізген.

«Былтыр біздің жасақтың құтқарушылары 200-ге жуық іздестіру-құтқару, авариялық-құтқару жұмыстарына барды. Полиция қызметкерлеріне көмек көрсету үшін 180-ге жуық шақыртуға барып, кілттеніп қалған есіктерді ашты. Бір жылдың ішінде 111 ересек адам мен 61 бала құтқарылды. Құтқарушылардың жедел әрекет етіп, науқас адамдарға алғашқы көмек көрсетілді», - деп хабарлады Әділхан Жұмалиев.

Оның айтуынша, ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмағаны жөн. Өйткені, үйде қараусыз қалған бала балконға, терезенің жақтауына шығуы мүмкін. Шәйнек, үтік, жылытқыш, не салқындатқыш секілді тұрмыстық электр құрылғыларын қосып, өрт қаупі туындауы ғажап емес.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, 5 адамды күйік шалғанын жазған едік. 

Кейін күйік шалған ер адам қайтыс болды.

Бір күннен соң екінші адам ауруханада қайтыс болғанын жазған едік. 

Ал, сенбіде өртте күйіп қалған үш айлық сәби ауруханада көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.