Миялы мен Тайсойған ауылдарын жалғайтын жолдың құрылысы 2023 жылдың күзінде басталған. Жобаның бастапқы құны – 14,7 млрд теңге. Ұзындығы 45,8 шақырым болатын жаңа трасса Тайсойған тұрғындары үшін маңызды көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Бұған дейін аудан орталығына жетуге екі-үш сағат уақыт кетсе, жаңа жол бұл уақытты шамамен 40 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Алайда жолдың негізгі мәселесі оның табиғи жағдайына байланысты болып отыр. Трасса Тайсойған құмдарының аумағы арқылы өтеді. Бұл жерде желдің әсерінен құм массаларының табиғи қозғалысы тұрақты жүреді. Соның салдарынан жаңадан төселген асфальттың үстіне құм қайта-қайта шығып, кей учаскелерде жолдың едәуір бөлігін басып, кедергі келтіруде.
Әзірге жолды құмнан тазарту негізгі амал болып тұр. Ал бұл ұзақ мерзімді шешім емес. Құм басқан сайын арнайы техника тартылып, жол қайта тазалануы керек.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәселені жоққа шығармайды. Басқарманың мәліметінше, автомобиль жолы Тайсойған құмдарының аумағымен өтеді және бұл жерде желдің әсерінен құм массаларының табиғи қозғалысы қалыпты құбылыс саналады. Осыған байланысты жолдың жекелеген учаскелерінде құм үйінділері пайда болады.
Басқарма қазіргі уақытта нысанды қабылдау рәсімі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін жол Қызылқоға ауданы әкімдігінің балансына беріледі.
- Құм басу қаупі бар учаскелерде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолды құмнан жүйелі түрде тазарту жұмысы жүргізіледі. Бұл шара қажеттілікке қарай атқарылады және алдағы уақытта жалғасады. Сонымен қатар Қызылқоға ауданының әкімдігімен бірлесіп, құм басудың салдарын барынша азайтуға бағытталған қосымша шаралар қарастырылуда. Оның ішінде құм массаларының еркінірек қозғалуын қамтамасыз ету және олардың жолдың жүріс бөлігінде жиналуына жол бермеу мақсатында жол инфрақұрылымының жекелеген элементтерін өзгерту мәселесі қаралып жатыр,-деп жауап берді Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Жалпы жоба аясында биіктігі 15 см болатын екі қабат асфальт төселген. Сондай-ақ жол бойында төрт жерден мал өткелі мен су құбыры орнатылған.
Бұған дейін 2026 жылдың сегіз айында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның автоматтандырылған өлшеу станциялары көлік құралдарының рұқсат етілген салмағына қатысты 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылықты тіркегенін жазған едік.