Атырау облысында мопед жүргізушілері қандай талаптарды бұзып жүр

Фото: Александр Павский / Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында мопедті жүргізуге қатысты заң талабын бұзған 300-ге жуық жүргізуші анықталды.

Атырау облыстық полиция департаменті процессинг орталығының бастығы Жеңіс Дәулетовтің дерегіне қарағанда, былтыр мопед пен скутер айдаған жүргізушілер 147 жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Ал, биыл жыл басынан бері 24 жол апаты болған.

— Мопедті жүргізу үшін бірнеше талапты орындау қажет. Алдымен жүргізуші куәлігі болуы керек. Екіншіден, көлік техникалық байқаудан өткізіліп, сақтандырылуы қажет. Үшіншіден, мемлекеттік тіркеу нөмірін ресімделгені жөн. Бұл талаптар мопедті механикалық көлік құралы ретінде заң жүзінде реттеу мақсатында енгізілді. Алайда, 300-ге жуық жүргізушінің осы талаптарды бұзғаны анықталды. Тіркелмеген мопедті жүргізгені 60-тан астам адам ұсталды. Ал, жүргізуші куәлігінсіз мопедті айдаған 130-ға адам әкімшілік жауапқа тартылды, — дейді Жеңіс Дәулетов.

Оның айтуынша, 30 мопед иесінде сақтандыру полисі болмаған. Ал, 25 адамның иелігіндегі мопедтер техникалық байқаудан өтпеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының тұрғыны мас күйде мотоцикл айдағаны үшін 20 тәулікке қамауға алынғанын жазған болатынбыз