Атырау облысында нөсер жауып, Мұқыр ауылында сел жүрді

Фото: Фото: СҚО ПД

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін Атырау облысында жаңбыр жауып, соңы нөсерге ұласты. Нөсер кезінде Мұқыр ауылының көшелерінде сел жүрді.

Мұқыр — Қызылқоға ауданындағы ірі елді мекеннің бірі. Ауыл әкімі Азамат Жақсиевтің айтуынша, округте 4860 адам тіркелген. Оның ішінде 3649 адам Мұқырда тұрады. 

Бұл ауылдың маңынан Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жол қатынайды. Елді мекеннің үстімен теміржол өтеді.

— Бүгін түсқайта ауылда жаңбыр сіркіреп еді. Соңы нөсерге ұласты, - дейді ауыл әкімі Азамат Жақсиев. 

Әкімнің айтуынша, нөсерден ешкім зардап шекпеген. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бүлінбеген. Кейбір үйлердің ауласына су кірген.

Бірақ ауыл көшелерінде сел жүрді. Жаңбыр суы сарқырап ағып жатыр. 

Ауыл оқушылары екі мектепте білім алып жүр. Мектептің бірі 1941 жылы ашылған. 1969 жылдан бері 536 орындық ғимаратқа орналасқан. Ал, екіншісі — 424 оқушыға арналған білім ордасы 2021 жылы пайдалануға берілген.

Сондай-ақ, ауылда «Алтын кілт» балабақшасы бар. Ауылда клуб салынып жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында 450 гектарды шарпыған қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған болатынбыз.