Атырау облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен екі адамды құтқарды

Фото: Фото: Видеодан кадр

Атырау облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен әйел мен оған көмектеспек болған ер адамды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 желтоқсан күні сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданы Шора өзені үстінде белгісіз әйел адам мұз ойылып, суға түсіп кеткені жөнінде аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне хабар берген. Аудандық полиция бөлімінен саптық жиыннан тарап келе жатқан полиция қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алған.

Фото: polisia.kz

 

Аталған хабарламаны естіген тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан да уақыт өткізбей жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Оқиға орнына бірінші жеткен ол автокөліктен арқан жіп алып мұз үстіне шыққан. Мұз үстіне шыққан кезде көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген.

Сол сәтте көмекке патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев және учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды құтқарып қалған.

Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген. Алайда аязды күнге қарамастан, әйелді құтқармақ болған 1996 жылы туған азамат пен 1959 жылы туған әйел адамды жағаға шығарылды.

Жедел-жәрдем қызметкерлерінің келуін күтпей, полиция қызметкері Роман Насихан жеке автокөлігімен жапа шегушілерді аудандық ауруханаға уақытылы жеткізген. Қазіргі таңда 64 жастағы әйел адам дәрігердің бақылауында.