Polisia.kz мәліметінше, оқиға 16 маусым күні жол қозғалысы қарқынды болып, көлік кептелісі қалыптасқан уақытта болған. Кептелісте тұрған жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлерінен көмек сұрап, көлікте толғағы қысқан жұбайының отырғанын хабарлаған.
Жағдайдың шұғыл екенін ескерген полиция қызметкерлері Ильяс Аблаев пен Ринат Наурызұлы қызметтік автокөлікпен сүйемелдеу ұйымдастырып, әйелді перзентханаға жедел жеткізді.
— Дәрігерлердің бақылауына алынған әйел көп ұзамай аман-есен босанып, дені сау қыз баланы дүниеге әкелді. Қазіргі уақытта ана мен нәрестенің жағдайы жақсы, — делінген хабарламада.
Облыстық полицияның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде жүкті әйелдерді перзентханаға шұғыл жеткізуге байланысты 17 жағдай тіркелген. Тәртіп сақшыларының көмегімен осы уақыт аралығында 11 қыз және 6 ұл сәби дүниеге келген.
Отбасы мүшелері қиын сәтте көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Бұған дейін СҚО-да полицейлер толғақ қысқан әйелді перинаталдық орталыққа жеткізуге көмектескенін жаздық.