«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құрманғазы ауылынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жол аралығын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Жол құрылысын жүргізіп жатқан мамандар аталған учаскені дайындап жатыр. Қазіргі уақытта Атырау қаласынан Нарын ауылына дейін, Исатай ауылынан Құрманғазы ауылына дейінгі жол учаскесі көлік қатынасы үшін жол бойында 13 көпір салу жоспарланған. Он көпірдің құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қалған 42 шақырым жолда тәулік бойы құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Ресеймен шекараға дейінгі жолды жөндеуге 18 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған едік.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, өңірде республикалық автожол желісі – 1126 шақырым.
– Бұл өңір аумағымен Ресейдің Астрахань облысынан Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы Түрікменстан Республикасымен шекараға дейінгі, Орал-Атырау және Ақтөбе-Атырау бағытындағы жол өтеді. Биыл республикалық жолдарды дамытуға 36 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 18 млрд теңге Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолды реконструкциялауға жұмсалады. Қандығаш – Мақат бағытындағы трассаға 7,9 млрд, Орал-Атырау жолын реконструкциялау үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге 300 млн теңге қаралып отыр, -деген еді Болатбек Айтбаев.