«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК АОФ, «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ АОФ, «КажСервис» ЖШС АОФ және көлік прокуратурасынан өкілдері «Қарабатан» маңындағы демалыс алаңында ұйымдастырылған кезекті акция кезінде көлік жүргізушілерге маусымдық шектеу талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кеңес берді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК АОФ жетекші сарапшысы Айдос Батановтың айтуынша, жолдардың тез тозуына шамадан тыс жүк тиеген көліктер де әсер етеді. Сондықтан заңнамада көрсетілген салмақтан артық жүк тасымалдау туралы түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу маңызды.
- Маусымдық шектеуге байланысты ауыр жүк көліктері тасымалданатын жүк көлемін 1 білікке 9 тоннадан асырмау керек, - деді көлік бақылау инспекторлары.
Атырау облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы мәліметінше, ауыр жүк көліктеріне қатысты өткен жылы 2621, биыл жыл басынан бері 631 заң бұзушылық тіркеліп, жалпы соммасы 450 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
Бұған дейін Қарағанды облысында заң бұзған жүк көліктерінің жүргізушілері 322,8 млн теңге айыппұл арқалағанын жазған едік.