Атырау облысында шомылу маусымы қашан ашылатыны белгісіз
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының тұрғындарына өзен-көлдердегі 46 орында суға түсуге рұқсат берілген. Алайда жағажайлар дайын болмай шықты.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметіне қарағанда, 41 орында шомылу маусымын ашу белгісіз мерзімге кейінге шегерілген.
– Қазір облыс аумағындағы су айдындарында 70 қауіпті орын анықталып отыр. Соған байланысты қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірге су айдындарына 266 тыйым салу белгісін, 12 ақпараттық стенд орнатылды. Су айдындарын шомылуға дайындау, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Күн сайынғы рейдтік іс-шаралар кезінде бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Әсіресе, өзен-көлдердің шомылуға арналмаған әрі жабдықталмаған тұсында суға түсу фактілері жиі тіркеледі. Оның ішінде балалар ересектердің қадағалауынсыз жиі шомылады, -дейді облыстық департаменттің басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Дарын Әнуарбеков.
Оның дерегіне қарағанда, суға түсуге байланысты қауіпсіздік ережелерін бұзған 44 адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабымен 600 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Жыл басынан бері 4 адам суға батқан. Жантәсілім еткендердің арасында 1 бала бар.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 5 жағажайдың 3-еуі 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілгенін хабарлаған едік.