Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі толық сейілмей тұр

Фото: Фото: Жасұлан Бисембиев

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы су тасқынының қаупін сейілту үшін адам күші мен арнайы техникалар қажет.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметіне сүйенсек, тасқын судың қаупін сейілту үшін ауылдар маңында бөгет нығайтылып жатыр. Оған мекемелердің қызметкерлері мен еріктілер тартылған. 

«Алайда, су деңгейі сағат сайын көтеріліп, Ойыл өзенінің бойында орналасқан ауылдық округтерге қауіп төндіріп тұр. Осыған байланысты қол күші мен арнайы техникалар қажет. 

Қазір облыстық жедел штабтың жұмысы бірнеше бағыт жүргізіліп отыр. Біріншіден, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Қызылқоға ауданына барып, тасқын суға қарсы жұмыстарға басшылық етуді қолға алды», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев. 

Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, Ойыл өзеніндегі су деңгейі 2 есе төмендеген. Бірақ, өзен жағалауынан асқан су Қоныстану, Тайсойған, Қарабау ауылдарына жеткен. 

Фото: Жасұлан Бисембиев

«Қоныстану ауылына бөгетті нығайту жұмыстары үшін 50 құтқарушы, 20 ерікті, 1,5 мың қап пен қажетті құрал-жабдықтар жіберілді. Тайсойған және Қарабау ауылдарына да 60 құтқарушы барды. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі», - деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев. 

Енді Жайық өзеніндегі су деңгейі бақылауға алынған.

«Жедел штаб Ресейдің Орынбор облысындағы Ириклинск су қоймасындағы жағдайды бақылауда ұстайды. Қолдағы ақпаратқа сәйкес, 1 сәуірде Ириклинск су қоймасынан жіберілетін су көлемі секундына 90-дан 390 текше метрге дейін арттырылған. Осыған байланысты облыс әкімі Серік Шәпкенов Жайық өзенінің Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласындағы жағалауына инертті материалдарды төсеп, құм толтырылған қаппен бекітуді тапсырды», -дейді облыс әкімінің орынбасары.

Оның мәліметінше, Жылыой ауданындағы Жем өзеніне де назар аударылып отыр. Мұндағы Жем-Ақкиізтоғай гидробекетіндегі су деңгейі күндізгі сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін 55 см-ге көтерілген. Қазір су деңгейі – 3 метр 25 см.

«Жылыой ауданына облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев барды. Облыс әкімінің тапсырмасымен жергілікті атқарушы органды, төтенше жағдай қызметкерлерін, «Ембімұнайгаз», «Теңізшевройл» және мердігер компанияларды бөгетті нығайту жұмысына жұмылдырылды», - дейді Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік. 

Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.

Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады

Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған едік

Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті

Ал, бүгін Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды

Сондай-ақ, кеше су тасқынынан Қызылқоға ауданындағы 8 округке әлі де қауіп бар екенін хабарладық