Атырау облысында суға шомылу маусымы қашан басталатыны белгілі болды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында суға шомылу кезеңі маусымның үшінші онкүндігінде басталады.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Аблановтың айтуынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты осындай шешім қабылданған.
«Атырау облысында су тасқыны әлі толық аяқталған жоқ. Жайық өзеніне мол су келді. Соған байланысты жайылмаға су көп шықты. Бұл үлкен қауіп туындатып отыр. Себебі, судың түбінде шұңқырлар, ағаштың бұтақтары, өткір заттар мен тұрмыстық қоқыстар бар. Су айдындары әлі тұнған жоқ. Су лайланып тұр. Мұндай жайт шомылғысы келген адамға өте қауіпті екенін ескертеміз», - деді Бақыт Абланов.
Оның айтуына қарағанда, шомылу маусымына рұқсат беру үшін су айдындарының акваториясы зерттеліп, түбі тазартылуы қажет. Шомылу маусымы содан соң ғана ашылады.
«Биыл шомылу маусымы әдеттегі мерзімнен кеш басталады. Су тасқыны толастамауына және оқыс оқиғаның алдын алуға байланысты маусымның үшінші онкүндігіне ығыстырылды», - деп мәлім етті Бақыт Абланов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда облысында із-түзсіз жоғалған екі жігіттің мүрдесі табылғанын хабарлаған едік.