Атырау облысында тағы бір жасөспірім суға батып кетті

Фото: Pexels

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында тағы бір жасөспірім Шарон өзеніне батып кетті.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, оқиға кеше, 1 тамызда Құрманғазы ауданында болған. 

«Кеше сағат 18:10 шамасында Х.Доспанова ауылында 1 жасөспірімнің Шарон өзеніне батып кеткені туралы хабар түсті. Суға батқан 2010 жылғы жасөспірім екені анықталды. Осыған байланысты Құрманғазы төтенше жағдайлар және полиция бөлімдерінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары іздестіру жұмысын жүргізді. Бүгін, 2 тамызда жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері су астынан іздестіру жұмыстарын жүргізуді қайта бастады. Таңғы сағат 07:22-де жасөспірімнің мүрдесін 4 метр тереңдіктен тауып, өзен жағасына шығарды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Іздестіру жұмысына төтенше жағдайлар департаментінің 11 құтқаршысы, 1 жүзу құралы, 3 техника тартылған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жаз басталғалы суға кеткен 9 адамның төртеуі — бала екенін жазған едік. 

Ал, 20 шілдеде Атырауда екі жасөспірім, үш күннен соң тағы екеуі Жайыққа батып жантәсілім етті. 

Кеше Атырауда бір отбасының екі баласы Жайыққа батып кеткенін хабарлаған болатынбыз.