Қызылқоға ауданы әкімдігі бүлінген көпірге қатысты пікір білдірді.
«Әлеуметтік желіде аудандағы көпір және ауылішілік жолдың бұзылғаны туралы фото, бейнежазба таралып жатыр. Осындай ақаулар алдағы уақытта да анықталуы мүмкін. Қызылқоға ауданына енгізілген төтенше жағдай аясында бұзылған нысандар ақауы анықталады. Бүлінген нысанның бәрі жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстар көктемгі өр суының келу кезеңі өткен соң басталады» деп хабарлады әкімдіктен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.
Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.
Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады.
Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Ал, бүгін Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған болатынбыз.
Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті.