Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, 60 жылқы тасқын судың ортасында қалған.
Тасқын су Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы №17 теміржол бекетінің тұсына жайылған. Бүгін төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тасқын судың ортасынан 60 бас жылқыны қауіпсіз жерге шығарды. Жылқының арасында 10 құлын болған. Қылқұйрықтының кейбірі батпаққа батқан.
Бұл жұмысқа өңірлік департаменттің 5 құтқарушысы, 1 қайық, 1 техника жұмылдырылды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраулық құтқарушылар тасқын судың ортасынан 270 жылқыны қауіпсіз жерге шығарғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, кеше Атырауда тасқын су 100 метрге жуық бөгетті шайып кеткенін жазған едік.
Ал, бүгін Жайық өзеніндегі су деңгейі Махамбет ауданында 10 метрден төмен түскенін хабарладық.