Атырау облысында үш айда суға батқан 25 адамның 14-і – жасөспірім

Фото: ТЖМ

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында кейінгі үш айда су айдындарына 25 адамның батқаны анықталып отыр. Оның ішінде 14 жасөспірім бар. 

Бұл мәселеге Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен арнайы жиында назар аударылды. Облыс әкімі аппаратының бақылау және талдау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Саян Меденовтің айтуынша, биыл суға батқандардың саны артқан.

«Атырау облысында кейінгі үш айда 25 адам суға батып кетті. Оның ішінде 14 жасөспірім бар. Суға батқандардың саны былтырғымен салыстырғанда екі есеге өсті. Жазатайым оқиға ата-аналардың бала қауіпсіздігіне салғырт қарауынан болып отыр. Әсіресе, Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында суға бату дерегі жиі тіркеледі. Қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмысына байланысты әлеуметтік желіге мониторинг жүргіздік. Судағы қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмысының 90 пайызын төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері ғана жүргізіп келеді. Ал, облыс, қала және аудан әкімдіктерінің ресми парақшасында жазба, не бейнероликтер жүктелмеген. Шомылу маусымы басталмағаны туралы жан-жақты түсінік жүргізілмеген», - деді Саян Меденов.

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, жаз басталғалы бері 154 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, 48 ата-ана тыйым салынған орындарда шомылғаны анықталған. Жағалауда мас күйінде жүрген 54 адамға 1 млн 69 мың 740 теңге айыппұл салынған. 

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, жазатайым оқиғаларға талдау жүргізіп, алдын алу үшін іс-шараларының жоспарын әзірлеген жөн.

«Адамның өмірінен қымбат нәрсе жоқ. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуға тиіс. Бұрын көшеде қайғылы оқиғалардың алдын алу туралы баннер ілініп, әлеуметтік желіде бейнероликтер таралатын еді. Қазір мұндай жоқ. Демек, әкімдіктер немқұрайлық танытады. Мектептерде оқушыларға сынып сағатын жүргізіп, ата-аналарға замануи байланыс құралдары арқылы түсіндіру қажет. Төтенше жағдайлар және полиция департаменттері еріктілермен бірге су айдындарының қауіпті тұстарын анықтауы керек. Осыған орайполицияның жедел топтарын көбейтіп, тұрғындарға ақпарат таратуға қоғам белсенділерін тартқан жөн. Ауылдық округтердің әкімдері тұрғындарға қауіпті нүктелер туралы жиі хабарлап отыруы керек», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жаз басталғалы суға батқан тоғыз адамның төртеуі бала екенін жазған болатынбыз.