Атырау облысында жат ағымдағы 37 адам теріс діни ақпарат таратқан

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жат ағымдағы 37 адамға теріс діни ақпаратты таратқаны үшін айыппұл салынды.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаевтың мәліметіне сүйенсек, 2 мыңнан астам адамды діни теріс ағымның жетегінен шығару үшін тиісті жұмыс жүргізілген. 

«Кез келген адамның көзқарасын, ұстанымын өзгертуге ықпал ету оңай емес. Әсіресе, теріс діни ағымның жетегіндегі адамдарды райынан қайтару үшін 1 жылдай мерзім қажет. Осы орайда дін саласының мамандары түсіндіру және оңалту жұмыстарына басымдық беріп отыр. Соның нәтижесінде 88 адам теріс діни ағымның шырмауынан шығып, көзқарасын өзгертті», -дейді Қаһарман Мұсаев.

Оның дерегіне қарағанда, 37 адамға 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынған. Өйткені, олар ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның талабын бұзған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қаһарман Мұсаев Атырау облысы Дін істері басқармасына басшы болғанын хабарлаған едік. 

Қаһарман Мұсаев 1982 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Түркия Республикасындағы Сельчук университетін теолог, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін құқықтану мамандығымен бітірген.

2012 жылдың соңынан бері Атырау облыстық Дін істері басқармасында түрлі басшылық лауазымды атқарған.