Атырау облысында жауыннан қырылған мал үшін өтемақы төленбейді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы Жылыой ауданында жауын-шашыннан кейін батпаққа батып қырылған 1200-ден астам ұсақ малға өтемақы төленбейді.

Фото: Видеодан алынған скрин

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мұны табиғи құбылыс пен шаруалардың өз жауапкершілігімен байланысты жағдай деп түсіндірді.

Әкімдік өкілдері шығынның өтелмеу себебін жағдайдың табиғи және адами фактордан болуымен байланыстырып отыр. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Сайран Ғұднанның сөзінше, шаруалар ауа райының қолайсыз болатынын ескермей қалған.

- Өлекселері түгелдей өртеніп, жойылды. Қазір жағдай тұрақтанды. Басқарма тарапынан аса қауіпті аурулар анықталмағандықтан өтемақы төленбейді,-деді Сайран Ғұднан.

Еске салайық, 2-3 маусымда Жылыой ауданына қарасты Сарықасқа және Желтау аумақтарында шамамен 15 сағат бойы толассыз нөсер жаңбыр жауып, екпінді жел соққан.

Салдарынан Қосшағыл ауылдық округі, Құлсары қаласы және Майкөмген ауылдық округі аумағындағы шаруашылықтарда барлығы 1238 бас ұсақ малдың қырылғаны белгілі болды.