Атырау облысында Жайық жағасындағы бөгетте 2 мыңнан астам кезекші тұр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Жайық өзенінен төнетін су тасқынының қаупі сейілген жоқ. Қазір өзен жағасындағы бөгетте 2 мыңнан астам кезекші тұр. 

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жедел штаб жиынын өткізіп, қауіпті учаскелерде кезекшілікті күшейтуге назар аударды.

«Қазір Индер ауданында су деңгейі төмендеді. Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды. Нөпір су Махамбет ауданының аумағына келді. Бөгет астындағы ескі құбырларға салмақ түсіп, су қатты қысыммен бөгетті жарып жатыр. Мұндай қауіпті орындарға кезекшілікті күшейту керек. Енді мол су Атырау қаласына жетеді. Қалада су аудандардағыдай жан-жаққа жайылып кетпей, бір арнамен өтеді. Қатты ағыспен келгенде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Кезекшіліктегі мамандар бір жерде тұрмай, учаскені толық қадағалауы керек. Жайбарақат отыратын кез емес. Сарыөзек пен Соколок арнасы – қаланың негізгі қорғаныс құрылымы. Су бұл арналарға жеткенше, біраз уақыт өтеді. Оқыс жағдайдың алдын алу үшін мезгілінде дабыл қағу қажет», - деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің пікірінше, жетіспейтін құрал-жабдықтарды толықтырып, бөгет басындағы қауіпсіздік ережесін сақтау қажет.

Атырау облысында 500 шақырымнан астам бөгет салынды. Қазір бөгетте 2 мыңнан астам адам тәулік бойы кезекшілік атқарып жүр. Оның мекемелердің қызметкерлері, еріктілер мен әскери қызметшілер бар.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 56-шақырымы жырылғанын хабарлаған едік