Атырау облысында жедел жәрдем фельдшерлері жүкті әйелді үйінде босандырды

Фото: Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жедел жәрдем фельдшерлері жүкті әйелді үйінде босандырып алды.

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, облыстық жедел-жәрдем стансанының кезекші бөліміне Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылынан шақырту түскен. Осыған байланысты шақыртуға жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері жіберілген.

Шұғыл шақыру орнына 47-ші бригада фельдшері Руслан Мұсағалиев пен қосалқы фельдшер Әлбина Қамиева барған. Олар 31 жастағы әйелдің жүктілігі мерзімі 38-39 апта екенін анықтады.

«Бесінші рет құрсақ көтерген келіншек бастапқыда толғақтың күшеюін күтіп, аурухана баруға асықпаған. Кейін толғағы жиілеп, қатты ауырсыну юайқалған соң жедел-жәрдем бригадасын шақыртқан. Біздің бригада жүкті келіншекке 6-7 минутта жетті. Жүкті әйелді ауруханаға жеткізетін болсақ, көлікте босануы мүмкін еді. Сондықтан, уақыт жоғалтпай, бірден босандыруға кірістік. Босандыру процесі қауіпсіз атқарылды. Дүниеге ұл келді», - дейді Руслан Мұсағалиев.

Оның айтуынша, жедел жәрдем фельдшерлері босанған әйелді Құрманғазы аудандық орталық ауруханасына жеткізген. Қазір аурухана дәрігерлері босанған әйелді де, нәрестені де бақылауға алған.

«Біздің жұмысымызда мұндай жайт жиі кездеседі. Жүкті әйелдерді босандыруға байланысты тәжірибеміз де бар. Жүкті аналар толғақ біліне бастағанда, жедел жәрдем бригадасын шақыртуды кешеуілдетпегені жөн. Олар жергілікті учаскелік дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы қажет. Алыс сапарға шығатын болса, учаскелік дәрігерге ескертуі тиіс. Өйткені, ана мен баланың саулығына атүсті қарауға болмайды», - дейді Руслан Мұсағалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көпбалалы ана тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылғанын жазған болатынбыз.