Атырау облысында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілді

Фото: Фото: Атырау облыстық жедел штаб

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Жем өзеніндегі судың деңгейі 2 метр 53 см-ге көтерілді. Осыған байланысты Жылыой ауданында бөгет биіктетіліп жатыр. 

Облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Жем өзенінің суы Ақкиізоғай ауылының іргесіне дейін жеткен.

«Ауылдың тұсында су деңгейі 3 метр 25 см-ге дейін көтерілді. Сол себептен, ауылды судан қорғау үшін 100-ге жуық адам, 11 техника жұмылдырылды. Тұрғындар 1 500 қапқа құм толтырылып, жағалауға төседі. Қазір Ақкиізтоғай ауылында жағдай тұрақталды. Тұрғын үйлерге, өзге де нысандарға су кірген жоқ. Жем өзенінің су деңгейі кешегі көрсеткіштен 3 см-ге өсіп отыр», - деп хабарлады облыстық жедел штабтан. 

Фото: Атырау облыстық жедел штаб

Аудандағы Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай ауылдарында және Қарағай елді мекенінде, Құлсары қаласының ортасындағы Құрсай өзегінің жағалауына топырақ төгіліп, бөгет биіктетіліп, құм толтырылған қаппен нығайтылған. 

«Елді мекендерді тасқын судан қорғау жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Атырау қаласынан 50-ге тарта сарбаз көмекке келді. Аудан аумағында су тасқынының қаупін сейілту жұмысына 2 мың ерікті, 60-қа жуық техника тартылды. Бөгетті нығайтуға құм салынған 20 мыңнан астам қап дайындалды», - деп мәлім етті облыстық жедел штабтан. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған болатынбыз. Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.

Сондай-ақ Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см құрады. Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған едік. Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті. 

Кеше Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды. Сондай-ақ кеше су тасқынынан Қызылқоға ауданындағы 8 округке әлі де қауіп бар екенін хабарладық. 

Бүгінде Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі толық сейілмегенін жаздық.