Атырау облысында жыл басынан бері 24 мал ұрлығының жартысы ғана ашылған

Фото: Polisia.kz.

Атырау облысында жыл басынан бері 24 мал ұрлығы тіркелген. Алайда, осы кезге дейін ұрлықтың жартысы ғана ашылған, деп хабарлайды Kazinform.


Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Абай Жұмабаевтың мәліметінше, мал ұрлығына байланысты 9 күдікті қамауға алынған. Қылмыстық істер сотқа жолданған.

«Мал ұрлығы әсіресе ауыл тұрғындарын мазалап отыр. Сол себептен, «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар» жоспары жасақталды. Аталған жоспарығ сәйкес, жергілікті атқарушы органдармен бірге мал ұрлығының алдын алу, ашуға бағытталған бірқатар іс-шара қабылданды. Ветеринария өкілдерімен арада қол қойылған меморандумға арнайы жұмыс тобы құрылды», - дейді Абай Жұмабаев.

Оның дерегіне сүйенсек, малды уақытша ұстауға арналған 9 арнайы орын ашылған. Малды құжатсыз тасымалданған 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, 651 мал арнайы орынға қамалған.

«Бұрын мал ұрлаған күдіктілер мен жәбірленушінің татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылатын еді. Ішкі істер министрлігің ұсынымен Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мал ұрлығының жеке нормасына сәйкес кінәлілер 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделді. Бұл өзгеріс 2020 жылдың 11 қаңтарында заңды күшіне енді», - деп мәлім етті Абай Жұмабаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 100 млн теңгенің кабелі мен электр бағаналарын ұрлаған топ ұсталғанын хабарлаған едік.