Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Балнұр Есенгелдиновтің айтуынша, «Киберқадағалау» жүйесінің көмегімен былтырдан бері 355 сайт пен қаржы пирамидасының белгілері бар аккаунттар бұғатталған. Оның ішінде 215 сайт биыл істен шығарылған.
«Департамент қызметкерлері жыл басынан бері 41 экономикалық қылмысты тергеді. Оның 70 пайызы сотқа жолданды. Соңғы кезде құмар ойынға салынып, оңай жолмен ақша табуға құмартатындар көбейді. Құмар ойынға құныққан адам әртүрлі қиындыққа душар болады. Алдымен қомақты қаржысынан айырылады. Бұл олардың мінез-құлқына теріс әсерін тигізіп, қоғамнан біртіндеп алшақтай бастайды. Ағайын-туыстарымен, достарымен байланыс үзіп, күйзеліске түседі. Жасыратыны жоқ, құмар ойын адамды өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық, зорлық-зомбылық жасау секілді қылмыстарға ұрындырады. Тіпті, құмар ойынға жіберген ақшасын қайтару үшін қарызға бататындар бар», - дейді Балнүр Есенгелдинов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда былтырдан бері қаржы пирамидаларының 355 сілтемесі бұғатталғанын хабарлаған болатынбыз.