Атырау облысында жол апатынан 4 адам ауруханаға жеткізілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында екі көлік соқтығысып, 4 адам ауруханаға жеткізілді. Оның бірі – көлік жүргізушісі. 

Фото: Мақат аудандық полиция бөлімі

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жол-көлік оқиғасы бүгін, 29 мамырда болған.

Фото: Мақат аудандық полиция бөлімі

«Күндізгі сағат 16:30 шамасында Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолының 406-шақырымы тұсында екі көлік соқтығысты. Көліктің бірі – Нива, екіншісі – Toyota. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 4 адам түрлі дене жарақатын салды. Зардап шеккендердің арасында Нива автокөлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы бар. Зардап шеккен тағы бір жолаушы Toyota автокөлігінде болған. Түрлі дене жарақатын алған 4 адам Мақат аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір Мақат аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 3,7 млн теңге айыппұлын төлемеген жүргізушінің көлігі айып тұрағына қойылғанын хабарлаған болатынбыз