«Ембімұнайгаз» Ақ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 6 наурызда Жылыой ауданында болған.
– «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Батыс Прорва кен алаңындағы №37 ұңғымада перфорациядан кейін сорапты-компрессорлық құбырды түсіру кезінде газ атқылады. Соның салдарынан сораптық-компрессорлық құбыр істен шықты, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Кен орнындағы оқиғадан мұнайшылар зардап шекпеген.
– «Ембімұнайгаз» АҚ-да жедел штабы құрылып, шұғыл шараларды жүргізуді қолға алды. Кен орнындағы ұңғыманың аумағы қоршалды. Ақауды қалыпқа келтіру жұмыстары басталды, - деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметінен.
Оқиға орнында «Ақ Берен», «Семсер Өрт сөндіруші», «СОП Атырау» ЖШС мамандары жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жолға бұрғылау қалдығы төгілгенін хабарлаған болатынбыз.