Атырау облысындағы Бешімовтер отбасының төртінші буыны мұнайшы кәсібін жалғастырып келеді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Қазақ жерінен мұнай алынғалы 125 жылдан асты. Ғасырдан да ұзақ мерзімде мұнайшылар династиясы қалыптасты.

Фото: Бешімовтердің отбасылық архиві

Олардың арасында Авровтар, Балғымбаевтар, Балжановтар, Бөлекбаевтар, Қарамұрзиевтер, Мырзағалиевтар, Оржановтар, Өтебаевтар, Өтеғалиевтар, Шырдабаевтар, Марабаевтар, Досмұхамбетовтер, Жұмағалиевтар, Огайлар әулеттерінің еңбек жолын бүгінгі ұрпағы абыройлы жалғастырып келеді. Сондай әулеттің бірі – Бешімовтер отбасының төртінші буыны мұнайшы болып еңбек етіп жүр.

Атадан – балаға, баладан немереге ата кәсіптей жалғасқан мұнайшылық кәсіптің бастауында Бешім Қызылбасовтың есімі ерекше аталады. Ол – Жылыой ауданындағы Қосшағыл кен орнынан мұнайды алғаш тапқан қазақ.

Фото: Бешімовтердің отбасылық архиві

Көңілі даладай дархан қарияның кейінгі ұрпағының қамы үшін жасаған ұлағатты ісін дәріптеу, әрі есте қалдыруды көздеген отандық мұнайшылар Қосшағыл кентіндегі бір көшеге Бешім Қызылбасовтың атын беріп, ескерткіш-барельеф орнатты.

Ал, Қосшағыл кен орнының ашылу тарихына шолу жасасақ, ел аузындағы аңызға бергісіз әңгіме желісі былайша өріледі. Бешім Қызылбасов 1926 жылдың жаз айында көрші ауылдан келе жатып, шағылдар арасындағы қара қоңырланған жерді байқайды.

Атынан түсіп, зер сала қарағанда қою қара майдың жиналып қалғанын көреді. Арнайы білімі болмаса да елдегі болып жатқан оқиғаларға құлағын түріп жүретін, былайша айтқанда, мұнай туралы, оны игеруге талпыныс жөнінде желдей ескен жағымды жаңалықтардан үнемі хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарындағы Бешім қарт жер бетіне шыққан қара майды торсығына құйып, топырағын дорбасына салып алады. Қозыкөш жерден үйіне келген соң торсығындағы майды отқа жағып көреді.

Фото: Бешімовтердің отбасылық архиві

Пышырлап алаулай жанған майды «қара алтын» деп топшылаған Бешім қарт оны шалғай болса да Доссордағы мұнай кәсіпшілігіне жеткізу үшін атына мініп, желе жорта жөнеледі. Он бес жылдан бері, яғни, 1911 жылдан Доссордан жоғары сапалы «қара алтын» селін тасытып жатқан мұнай кәсіпшілігіндегілер торсығына мұнай, дорбасына майлы топырақ салып әкелген ауыл ақсақалын жылыұшырай қарсы алады.

Өйткені, ел ішіндегі мұндай жершіл, әрі көнекөз қариялардың жаңа кен орындарының ашылуына септігі тиетіні даусыз еді. Бешім қарт әкелген майлы топырақтан көз алмай, өз байламын қапелімде айтуға асықпаған кәсіпшілік басшылары зерттеу жұмысын сол кездегі жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырады. Меркі өңірінде кіндік қаны тамып, қазақтармен етене болып ержеткен П.Авров геолог әріптестерін ертіп, Бешім қарт көрсеткен шағылдар арасына әлденеше рет келеді.

Әр келген сайын Бешім қартты қасынан тастамай, жолбасшы ретінде жұмысқа алады. Осы қарияның көмегімен Жылыой ауданындағы кен орындарының картасын жасаған дейтін дерек те шындыққа жанасатындай. Торсығына май құйып алған Бешім қарт та, оның айтқанына иланып қана қоймай, шағылдар арасына ілесіп келген П.Авров басқарған геологтар да зерттеу, бұрғылау жұмыстарына үлкен үмітпен кіріскен еді.

Сол үміт 6 жылдан кейін ақталып, 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғыманың 450 метрлік тереңдігінен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыманың тәулігіне 250 тонна «қара алтын» бергені мұнай іздеушілерге жол көрсеткен Бешім қартты да, геологтарды да, бәрінен бұрын сол өңірдегі дүйім жұртты алабөтен қуанышқа кенелтті. Геологтар жаңа кен орнын таптық, ауыл адамдары мұнайдың қадірін көреміз деп қуанды.

Жергілікті тұрғындардың үлкенді сыйлайтын дағдысын жақсы білетін П.Авров өзіне жолбасшы болған қариядан мұнай шыққан жерге ат қоюын өтінеді. Дала академигі атанған Бешім қарт шағылдар арасындағы мұнайлы жерге «Қосшағыл» деген атаудың жөн екенін алға тартқанда, геологтар да осы уәжге тоқтам жасапты. Осыдан кейін Бешім қарт пен геолог Петр Авров Қосшағылға таяу 13 шақырым жерге көшіп келіп, татулығы жарасқан көрші, жақсы жолдас болыпты.

Аталған кен орнын өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталды. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіпшілігінің құрылуымен Жылыой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамы жасалды. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жастары өндіріске тартылды. Бірақ, тағдыр Бешім қартқа кіндік қаны тамып, бар ғұмыры өткен дала төсіндегі дүбірлі еңбекті, мұнай барлайтын, өндіретін технологияның тетігі қазақ жастарының қолына тигенін көруді жазбаған екен. Ол кәсіпшілік құрылардан екі жыл бұрын, 1933 жылы өмірден озған.

Дегенмен, кейіннен Бешім Қызылбасовқа «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» атағы беріліп, геологтарға мұнай көзін тауып бергені үшін өмірлік жәрдемақы тағайындалыпты. Оны әкесімен бірге күні-түні геологтармен аралас-құралас жүрген үлкен ұлы Мұқан алып тұрған. Неге екені белгісіз, Мұқан 1951 жылы өмірден озғанда, жәрдемақыны төлеу де тоқтап қалған. Бір ерекшелігі, Бешім Қызылбасовтың ұлдарының бәрі Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысқан.

Мәселен, Ердәулет, Бердәулет дейтін екі баласы соғыс жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып абыройлы еңбек еткен. Ал, Төремұрат, Нарымбай есімді ұлдары да еңбек жолын осы кен орнында бастап, 1939 жылы фин соғысына аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан екеуі де елге оралмаған. Ең кіші баласы Мизам ғана ұзақ жыл мұнай саласында еңбек еткен. Бұл күндері Бешім қарттың ұрпағынан тараған 50-ден астам немере-шөберелері мұнай өнеркәсібінің білгір маманы атанып жүр.

Оның немерелерінің бірі – Наурызғали Ердәулетұлы Бешімов. Қазір Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұрады. Еңбек жолын мұнай-газ өнеркәсібінде бастаған. Биыл 90 жасқа толды.

«Мамандық таңдауыма, өмірімнің дұрыс арнаға түсуіне жол сілтеген екі азаматтың адамгершілік, ағалық көмегін әлі күнге ұмытпаймын. Мен 1951 жылы мектеп бітіріп, енді оқуға аттанамын деп тұрғанда әкем қайтыс болды. Әкем бала кезімде: «Мәскеуде мұнай оқуы бар, сені соған оқытамын», дейтін еді. Бірақ, әкем дегеніне жете алмады. Тұрмыстың қиын кезеңі ғой, қапелімде жұмыс табу да оңайға түспеді. Біздің отбасымызбен көрші тұратын Құрман Бисенов ағай мені Комсомол кәсіпшілігінің директорына ертіп апарып, жөндеушілікті үйренуші етіп жұмысқа орналастырды. Сол кәсіпшіліктен бір жылдан соң Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанарда мекеме басшысы Қуаныш Құдабаев ағай: «Жолыңа жаратарсың» деп 300 сом ақша берді. Бұл менің екі баламен ауылда қалған анамның екі жылдық зейнетақысына тең қаржы еді. Осындай адамгершілігі мол азаматтардың қамқорлығымен Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-газ институтынан жоғары білім алдым. Мұнайшы-инженер мамандығымен еңбек жолымды Бешім атам «қара алтын» тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіндегі №1 учаскеде 1958 жылы оператор болып бастадым. Осы өңірдегі «Құлсарымұнайгаз» «Жайықмұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» секілді ірі кәсіпорындардың басшылық қызметіне дейін көтеріліп, Шафих Ізбасов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков секілді азаматтардың сенім білдіруімен Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқардым. Қайда жүрсем де Бешім атам салған мұнайшылық кәсіптегі отбасылық жолдың үзілмеуін ойлайтын едім. Қазір, шүкір, ата жолын жалғастырған балалар, немерелер бар», -дейді ардагер мұнайшы Наурызғали Ердәулетұлы.

Мұнай-газ өнеркәсібі мен партия жұмысындағы жетістігі үшін Наурызғали Бешімов 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, кейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Өзі ұзақ жыл жұмыс істеген Мақат және Жылыой ауданының Құрметті азаматы атағы берілген.

Наурызғали Бешімовтің үлкен ұлы Сатыбалдының мұнай саласында жұмыс істгеніне 35 жылдан асқан. Ол – әулеттің мұнай-газ саласындағы үшінші буыны.

«Бала кезімізден мұнай мен газдың қалай өндірілетініне, мұнайшы кәсібіне әбден қанық болдық. Әкеміз мұнайшы болатынымызды кесіп айтты. Сол себептен болар, мұнайшылықтан басқа кәсіпті таңдау туралы ойланбадық. Қазір 4 балам да осы салада жұмыс істейді», -дейді Сатыбалды Бешімов.

Бұл әулеттегі ең жас мұнайшының бірі – Асылжан Наурызғалиев. Оның бұл салада еңбек еткеніне 10 жылдан асқан.

«Мұнай саласындағы жұмысымды 17 жасымда бастадым. Бұл салаға жүрек қалауымен келдім. Өйткені, мұнайшы – біздің әулетте атадан балаға, баладан немереге жалғасқан отбасылық кәсіп. Болашақта Бешім атамыз бастаған кәсіпті менің де балаларым жалғастыратынына сенемін», -дейді Асылжан Наурызғалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық дәрігер медицинаның отбасылық кәсібімізге айналғанын айтқан еді.