Атырау облысындағы Көздіқара ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Ойыл өзенінің арнасынан асқан тасқын судың қаупі әлі сейілмей тұр. Бүгін Қызылқоға ауданындағы Көздіқара ауылынан 30-дан астам тұрғын эвакуацияланды.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, су полициясының қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялауға көмекке келді.
«Тасқын су Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылынан шығатын айналма жолды шайып кетті. Қазір жол қозғалысы тоқтады. Су полициясының қызметкерлері ауданға келген гуманитарлық көмекті моторлы қайықпен жеткізуге атсалысуда. Кеше, 1 сәуірден бері тасқын су басқан Тайсойған ауылынан 100-ден астам тұрғын моторлы қайықпен эвакуацияланды. Бүгін, 2 сәуірде таңғы сағат 7-ден бері Көздіқара елдімекенінен 30-ға жуық тұрғынды эвакуациялау басталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған едік.
Кейін Ойыл өзеніндегі су тасқынына байланысты Миялы ауылынан 559 тұрғын эвакуацияланды.
Сондай-ақ, Миялы ауылына тірелген судың деңгейі 1 метр 20 см болды.
Ойыл өзенінің маңынан 7 шаруа қожалығы қауіпсіз аумаққа көшірілді.
Миялы ауылын тасқын судан қорғау жалғасып жатқанын жазған едік.
Ойылдың арнасынан асқан су Миялы ауылы маңындағы көпірді бұзып кетті.