Атырау облысындағы Махамбет ауданында 85 тонна балық өнімдері өңделеді – Шәпкенов

Фото: Фото: ortcom.kz

Атырау облысының Махамбет ауданында қуаттылығы жылына 85 тонна балық өнімдерін шығаратын жоба іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform.

«Өңірімізде балық шаруашылығы жақсы дамыған. Бірнеше балық өнімдері шығарылады. Махамбет ауданында («А-Дана» шаруа қожалығы) қуаттылығы жылына 85 тонна өнім шығаратын жоба іске қосылды. Бұл қожалық тауарлы балық және 15 млн дана бекіре тұқымдас балық шабағын өсіреді. Аталған жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылды», - деді Орталық коммуникациялар қызмет алаңында өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, балық өнімдері өндірісінің көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

«Құрманғазы ауданында жылына 6 000 тонна балық өнімдері өңделеді. Одан бөлек 1 100 тонна тауарлы балық өндірілмек. «СефКаспийФиш» ЖШС-не қарасты Шортанбай балық зауытын жаңарту жобасына жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді», - дейді ол.