Атырау облысындағы мұнайшылар жұмыс орнында дауыс беріп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында вахатлық әдіспен жұмыс істеп жүрген мұнайшылар жұмыс орнында дауыс беруде.
Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орнында 6 мың адам тіркелген. Атырау облысының аудандары мен еліміздің өзге өңірлерінен вахталық ауысыммен жұмыс істеуге келген олар дауыс беруге өтініш жіберген. Мұнда жұмысшылардың дауыс беруі үшін 7 референдум пункті ұйымдастырылған.
Сондай-ақ «Ембімұнайгаз» АҚ-ның мұнайшылары да дауыс беріп жатыр. Департамент директоры Б.Ғұбайдуллиннің айтуынша, бұл компанияның мұнайшылары Жылыой, Исатай, Мақат және Қызылқоға ауданындағы кен орындарында вахталық тәсілмен жұмыс істейді.
«Референдумға қатысу – әр қазақстандықтың борышы. Ұрпағымыздың болашағы үшін таңдау жасайтын сәтке келіп тұрмыз. Біздің компанияда 5 мың адам жұмыс істейді. Қазір ауысымдық әдіспен 1 664 адам өндіріс басында жұмыста жүр. Олардың дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалды. Мұнайшылармен бірге мердігер мекемелердің 1 700-ге жуық жұмысшысына дауыс беруге мүмкіндік қарастырдық», - деді департамент директоры Б. Ғұбайдуллин.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында референдумда дауыс беретін тұрғындар саны көбейгенін жазған едік.