Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары толық эвакуацияланады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары толық эвакацияланады.
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиевтың мәліметіне сүйенсек, 9 ауылдық округтегі 21 ауылда 30 900 адам тұрады. Ал, Жайық өзенінің жағалауында 17 елді мекен орналасқан.
«Бейбарыс ауылдық округіне қарайтын Талдыкөл елді мекеніндегі тұрғындар саны – 1 200-ге жуық. Ауылда 223 үй, 5 кәсіпкерлік нысаны бар. Біз бірнеше күн бұрын ауыл тұрғындары, оның ішінде жүкті аналарды, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды, егде жастағы қарияларды Атырау қаласына көшірген едік. Енді ауылға кіретін жолды су шаюына байланысты ауылдағы барлық тұрғынды қауіпсіз аймақтарға көшіруге мәжбүр болып отырмыз. Сол себептен, эвакуациялау жұмысы басталды. Кеше түннен бері жергілікті тұрғындар Атырау қаласындағы тұрғын үйіне кетіп жатыр. Қазір 100-ден астам адам жолға шықты», - деді Арман Әділғалиев.
Оның айтуынша, эвакуацияланған тұрғындар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жатақханасына орналасып жатыр.
«Университет жатақханасында барлық жағдай жасалған. Тұрғындар үшін төсек-орын жабдығы дайындалған. Үш мезгіл тамақ беріледі. Бізге ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігі, амандығы қажет», - деді Арман Әділғалиев.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Уәлихан Жұмабековтің айтуына қарағанда, Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялауға 24 қызметкер, 6 қайық, 6 техника тартылған.
«Ауыл тұрғындары мектептің жанына жиналып жатыр. Осы кезге дейін 70 тұрғынды эвакуацияладық», - дейді Уәлихан Жұмабеков.
Еске сала кетелік, кеше Атырау-Орал трассасынан Талдыкөл ауылына баратын жолды тасқын су басқанын жазған болатынбыз.
Ал, бүгін Талдыкөл ауылының тұрғындарын мәжбүрлі эвакациялау басталды.