Иреклі су қоймасынан қанша су келіп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Су тасқынына байланысты Атырау облысындағы Қызылқоға, Индер және Махамбет ауданында қосымша 4 маусымдық гидробекет орнатылады.
«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Салауат Төленовтің айтуынша, Ресейдегі Ирекли су қоймасынан секундына 201 текше метр су жіберіліп жатыр. Ал Еділ су қоймасынан жіберілген су секундына 5070 текше метрді құрап отыр.
– «Росгидромет» федералдық қызметімен бірге құрастырған консультациялық гидрологиялық болжамға сәйкес, Жайық өзенінің Атырау қаласындағы гидробекетінде көктемгі су тасқынының ең жоғары деңгейі – 430-490 см. Көпжылдық орташа деңгейдің мөлшері 4 метр 55 см еді. Демек, биылғы болжам одан 33 см-ге жоғары болғалы отыр. Былтыр тасқын судың деңгейі 600 см-ге жетті. Биыл облыста қысқы кезеңде жауын-шашын орта есеппен 36%-ға төмен түсті. Алайда болжам деректері Жылыой және Қызылқоға ауданында су тасқынының жоғары қаупін көрсетеді, - дейді Салауат Төленов.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуына қарағанда, барлық күштік құрылым мен арнайы техникалар тасқынмен күреске дайын тұр.
– Су тасқыны болған кезде 1660 адам, 283 техника, 269 мотопомпа, 39 бірлік жүзу құралы жұмылдырылады. Резервте 48,5 тонна жанар-жағармай, 1453 тонна инертті материал, 866 300 қап дайындалды. Тұрғындарды уақытша орналастыру үшін сыйымдылығы 29 мың адамға есептелген 200 орын әзірленді. Қазір тасқын су басуы мүмкін елді-мекендер саны нақтыланып, жауапты қызметкерлер бекітілді. Аталған қызметкерлер алдын-ала елді-мекендерге барып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді, -деді Нұрлан Жаңабаев.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың мәліметінше, 9 ауылдық округте 50,8 шақырым қорғаныс бөгеті нығайтылған. Әсіресе Ноғайты, Ойыл өзендерінің жағалауына басымдық беріліп отыр.
– Сағыз ауылы арқылы ағатын Ноғайты өзенінің 4 шақырым жағалауы бекітіліп, 1 шақымыр арнасы тазартылды. Өзенде 15 наурыздан бері су деңгейі көтеріліп, 90 см-ге жетті. Мұнда ең жоғары деңгей – 2,5 метр. Қазір Ноғайты өзенінің жағалауын бекіту үшін 18 арнайы техника тартылды. Оған мұнай компаниялары мен мердігерлердің 60 арнайы техникасы жұмылдырылады. Инфрақұрылым жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су басу қаупі бар ауылдардың аумағындағы барлық қосалқы станция, трансформаторлар мен электр бағаналарының, ГРПШ шкафтарының айналасына бөгет соғылды , -деп хабарлады Қанат Әзмұханов.
Ал Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың дерегіне сүйенсек, Жем өзенінің 96 шақырымы тереңдетілген. Бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын нығайту жұмыстары 87%-ға аяқталған.
– Қазір Жылыой ауданы су басу қаупі жоғары аймаққа тұр. Жем өзенінің күнделікті гидрогеологиялық ахуалын бақылауға алып отырмыз. Ақкиізтоғай ауылында гидробекетте соңғы 10 күндік өлшеміне сәйкес су деңгейі – 135-136 см. Қауіптің алдын алу мақсатында Жем өзеніндегі қауіпті 3 учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Жем өзенінің Қызылжар мен Жиенай учаскелері маңындағы арнасы уақытша ашылды, -деп мәлім етті Жұмабек Қаражанов.
Серік Шәпкеновтің пікірінше, биыл алдын ала болжамға сәйкес Жайық өзеніндегі су көлемі былтырмен салыстырғанда екі есе аз болуы мүмкін.
– Былтырғыдай үлкен қауіп болмаса да сақтық іс-шарасын назардан шығармаған жөн. Себебі қар әлі толық ерімеді. Нөсер жаууы мүмкін. Бұл өзендердегі судың деңгейіне әсер етеді. Тасқын бола қалған жағдайда ресурстарды бөлу жоспарын әзірлеу қажет. Бөгеттерді нығайту жұмыстары сапа стандарттарына сәйкес белгіленген уақытта толық аяқтап, тиісті мекеменің балансына беруді жеделдету керек. Гидрогеологиялық жағдайды цифрландырудың ұзақ мерзімді жоспары әзірленіп, су қоймаларын есепке алу, тереңдігін талдау, басқа да параметрлер енгізіледі. Бұл су тасқынына байланысты болжамның дәлдігін, деректерді жедел талдауға мүмкіндік береді, -дейді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Орынбор облысындағы Ирекли қоймасынан үлкен көлемде су жіберілмеуі мүмкін екенін жазған едік.