Атырау облысындағы Жылыой ауданында су қоймасы салынуы мүмкін бе
АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтырғы су тасқынынан кейін Атырау облысындағы Жылыой ауданында су қоймасын салу мәселесі қозғалып келеді.
Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиеваның айтуынша, «Институт Казгипроводхоз» ЖШС-мен келісім жасалған. Су қоймасын Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 60 шақырым қашықтықта салу көзделген.
Аталған құрылымдар су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесін алғаш рет талқылады. Оған қатысушыларға су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесінің үш нұсқасы ұсынылды. Талқылаудан соң 220 млн текше метр су жиналатын нұсқасы таңдалды.
– Жылыой ауданының аумағында су қоймасын салу – кеңес одағы кезінен бері көтерілген мәселе. Енді бұл мәселе қайта қозғаллы. Жобаның тиімділігі ескеріп, сол бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бұл су қоймасы Құлсары қаласы мен елді мекендерді, мал және егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын сумен қамтиды. Алдағы уақытта нақты ұсыныстар бойынша техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобалық-сметалық құжаты жасақталады, - дейді Нұргүл Қалиева.
Оның айтуына қарағанда, су қоймасы бірнеше тиімділігі бар. Біріншіден, Жылыой ауданының елді мекендерін су тасқынынан қорғайды. Екіншіден, ауданның экологиялық ахуалын жақсартады. Үшіншіден, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналады.
Дегенмен, әзірге су қоймасының құрылысына қажетті қаржы қайдан бөлінетіні нақтыланбады. Жобаны іске асыру мерзімі де айтылған жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жылыой ауданындағы елді мекендерді тасқыннан қорғау үшін 3 деңгейлі бөгет салынғанын хабарлаған едік.