Атырау облысының әкімдігі 2015-2023 жылдары 26,3 млрд теңге несие алған

Фото: freepik.com

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының әкімдігі 2015-2023 жылдары министрліктермен 32 несиелік келісімшартқа жасаған. Несиелік келісімшарттар мен қосымша келісімшарттарға сәйкес займ сомасы 26 млрд 308,9 млн теңгені құраған.

Атырау облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Құрманованың мәліметінше, 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін 4 займ қаржысы төленген. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарында несиелік қарыз сомасы 22 млрд 462,7 млн теңгені құраған.

— 2025 жылдың 1 қаңтарына несиелік келісімшарттар бойынша республикалық бюджетке қарыз жоқ. Міндеттемеге сәйкес қарыз кестемен төленеді, — дейді Эльмира Құрманова.

Оның мәліметіне сүйенсек, 8 млрд 369,6 млн теңге жылу, сумен қамту, су бұру желілерін жаңғырту және құрылысын жүргізуге бөлінген. Ал нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 5 млрд 457,4 млн, кондоминиум нысандарының ортақ мүлкін күрделі жөндеуге 2 155,6 млн теңге қаралған.

Сондай-ақ ауыл тұрғындарының кірісін арттыру жобасын кеңейту үшін шағын несиеге 1 млрд 504,0 млн, мамандарды әлеуметтік қолдауға 1 млрд 461,5 млн, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несие беруге 1 млрд 295,9 млн теңге көзделген.

Ал моноқаладағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге 1 млрд 245,1 млн, тұрғын үйді жобалау немесе салуға 1 млрд 142,1 млн, 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамту жол картасы аясында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға 1 млрд теңге беру жоспарланған. Өңірдегі жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға 930 млн теңге қаралған.

— Бюджеттік несие қаржысын мақсатсыз не тиімсіз пайдалану дерегі анықталған жоқ, — деп мәлім етті Эльмира Құрманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырауда компанияларға салынған 42 млрд теңге айыппұлдың 26 млрд теңгесі өндірілгенін хабарлаған болатынбыз.