Атырау облысының аумағынан ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтары табылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында ұшқышсыз ұшу аппаратының бөліктері елді мекеннен тыс жерде табылды. 

Фото: Ішкі істер министрлігі

Алдын ала мәліметке сүйенсек, 27 наурыз күні тұрғындар қатты дыбысты естіген, артынша аппарат жерге құлап, өртенген.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, құлау сәтінен кейін бірден өрт тұтанып, кейін оқиға орнынан күйіп кеткен бөлшектер табылған. Олар ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсайды.

– Атырау облысы Полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп, ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсас заттардың табылуына байланысты тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Нысан елді мекен аумағынан тыс жерде анықталған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, - деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта нысанның қайдан келгені және нақты не болғаны белгісіз. 

3 күн бұрын БҚО аумағынан ұшқышсыз ұшатын аппарат табылған еді.