Атырау облысының оқушылары жазғы 3 сауықтыру лагерінде демалады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл Атырау облысында 134 мың 812 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр.
Атырау облыстық білім басқармасының өкілі Қадыржан Сапаровтың айтуынша, мектептер жанынан 727 жазғы лагерь ашылады. Оған 120 мыңға жуық бала тартылады.
– Жаз мезгілінде оқушыларды 3 сауықтыру лагеріне демалуға жіберу көзделіп отыр. Оның бірі – Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан Геологі» емдеу пансионаты. Оған арнайы санатта енген отбасылардағы 1530 баланың демалысы ұйымдастырылалы. Ал Индер мен Махамбет ауданында лагерьлерде демалатын оқушылардың саны 1500-ге жуықтайды, -дейді Қадыржан Сапаров.
Оның айтуына қарағанда, әлеуметтік тұрмысы төмен отабсылардағы балалар ерекше назарға алынады.
– Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, арнайы санаттағы және қолайсыз отбасылардағы, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған балалар жазғы демалыспен толықтай қамтылмақ. Жаз мезгілінде облыстағы барлық музей арнайы санаттағы балалар үшін тегін қызмет көрсетеді.
Республикалық бюджет есебінен 4 лагерьге 608 баланы, жергілікті бюджет тарапынан 100-ден астам оқушыны еліміздің сакральды, тарихи, көрікті мекендеріне экскурсия ұйымдастыру жоспарланып отыр, -деп мәлім етті Қадыржан Сапаров.
Қазір маусымдық лагерьге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін абаттандыру, ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін жазғы демалыс кезінде оқушылардың қай санаттары тегін оңалтудан өтетіні хабарланған еді.