Жаңадан ашылған №10 өрт сөндіру бөлімінің жаңа депосы аудан орталығы – Миялы ауылында орналасқан. Оның ашулына Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты.
Министрдің пікірінше, өрт сөндіру бөлімінің жаңа нысанын салу мен жарақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік қолға алған реформаның нәтижесінде мүмкін болған. Бұл бөлім қауіпсіздік жүйесін жақсартуға ықпал етеді.
«Қазір министрлік ауылдардағы өрт сөндіру бөлімдерінің жұмысын жетілдіруге басымдық беріп отыр. Соның нәтижесінде өрт сөндіру бөлімдері ең заманауи техникамен жарақтандырыла бастады. Өрт сөндіру саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік және тұрмыстық жағдайын жақсартуға көңіл аударып отыр. Нысандарды жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өрт сөндіру депосы ауыл тұрғындары үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етудің үлгісі болатынына сенімдімін», - деді Шыңғыс Әрінов.
Атырау облысында 14 өрт сөндіру бөлімі бар. Ал, Қызылқоға ауданындағы №10 өрт сөндіру бөлімі орналасқан ескі ғимарат 1976 жылы салынған. Қазір өрт сөндіру бөлімінде 30 адам жұмыс істейді. Осы кезге дейін 3 арнайы техника болған.
Ал, жаңа нысанда байланыс пункті, оқыту залы, асхана, басшылық құрамға арналған, кезекшілер тынығатын бөлмелер бар. Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, өрт сөндіру жабдықтары және құрал-жабдықтар қоймасымен жабдықталған. Бөлімге жаңадан 5 тхехника берілді.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Қызылқоға ауданындағы Тасшағыл ауылында тағы бір өрт сөндіру депосының нысаны салынып жатыр.
«Биыл Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің автопаркі жаңа 56 техникамен жаңартылды. Жергілікті бюджет қаржысына салынып, жаңадан ашылған өрт сөндіру депосы нысанының аумағында бір қызметтік пәтер бар. Өңірдегі төтеенше жағдайлардың алдын алатын сала қызметкерлеріне қолдау көрсету жалғаса береді», -дейді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүріп жатқанын жазған болатынбыз.