Атырау облысының су айдындарында 46 орында шомылуға рұқсат беріледі

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жазғы шомылу маусымында өзен-көлдердегі 46 орында суға түсуге болады.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дарын Әнуарбековтің айтуынша, тұрғындар шомылуға жиі баратын бірнеше су айдыны бар. Бұл — Жайық, Қиғаш, Ойыл, Сағыз, Шарон өзендері мен Қамыскөл көлі, сондай-ақ Каспаркин каналы.

— Атырау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 11 сәуірдегі № 51 қаулысына сәйкес тұрғындардың демалуына, шомылуына арналған 46 орын бекітілді. Бұл учаскелер Атырау қаласы мен жеті аудан аумағында орналасқан. Әр учаске тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес жабдықталып жатыр. Тұрғындар жиі шоғырланатын орындарда LED экрандар мен дыбыстық хабарлау жүйесі арқылы судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Шомылуға тыйым салынған орындар 2gis мобильді қосымшасына жүктелді, — деп хабарлады Дарын Әнуарбеков.

Оның айтуына қарағанда, балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлініп отыр. Шомылу маусымы қарсаңында мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде арнайы түсіндіру сабақтары өткізілген. Ата-аналарға қауіпсіздік туралы бейнематериалдар жолданып, WhatsApp топтары арқылы ақпарат таратылған.

— Күн сайын жедел-құтқару жасағы мен жергілікті полиция қызметкерлерінен құралған патрульдік топтар кезекшілікке шығады. Қызметкерлердің дайындығы мен техникалық жарақтандырылуы бақылауға алынды. Тұрғындар назарын арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауға аударғымыз келеді. Заң талаптарын бұзып, тыйым салынған орындарда шомылған немесе мас күйде суға түскендер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, — деп мәлім етті Әнуарбеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырауда былтырғы қазанда жоғалған бойжеткенді Жайықтан іздеу қайта жалғасқанын жазған едік.