Атырау облысының үш ауданында ауыз су беру үш тәулікке шектелді
Атырау облысының үш ауданында ауыз су беру уақыты үш тәулікке шектелді. Енді Құрманғазы, Исатай мен Жылыой ауданының тұрғындарына ауыз су таңертең, түсте және кешке 2 сағаттан беріледі, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің мәліметінше, мұндай шектеу құбырдың жаңартылған учаскесін қосумен байланысты енгізіліп отыр.
– «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС ұзындығы 151 шақырымдық «Астрахань-Маңғышлақ» құбырының екінші желісі жобасының құрылысы аяқтады. Осыған байланысты құбырдың салынған учаскесін қосуға қатысты жұмыстар жүргізіледі. Сол себептен, 1 желтоқсанынан 72 сағатқа су айдау тоқтатылады. Осы кезеңде тазарту құрылғыларындағы қоймалардың сарқылып қалмауы үшін Исатай, Жылыой және Құрманғазы ауданының тұрғындарына ауыз суды беру сағаттық тәртіпке көшіріледі, - деп хабарлады Айдулат Кенжебеков.
Енді аталған аудан тұрғындарына ауыз су үш мезгіл беріледі. Нақтылай айтқанда, тұрғындар ауыз суды таңғы сағат 07:00-ден 09:00-ге, түскі сағат 12:00-ден 14:00-ге, кешкі сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін тұтына алады.
– «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС жөндеу-профилактикалық жұмыстарды белгіленген уақыттан бұрын аяқтауды көздеп отыр. Жоспарланған жұмыс аяқталған соң ауыз суды қалыпты жағдайда береді, - деп мәлім етті Айдулат Кенжебеков.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қатысты арнайы жиын өткенін жазған болатынбыз.